Инсульт – ми қан айналымының жіті бұзылуы салдарынан туындайтын қауіпті жағдай. Бұл кезде мидың белгілі бір бөлігіне қан жеткізілуі бұзылады немесе ми тамыры жарылып, қан құйылады. Соның салдарынан ми жасушалары зақымданып, адамның денсаулығы мен өміріне елеулі қауіп төнеді.
Инсульт кез келген жаста болуы мүмкін. Алайда оның даму қаупі жас ұлғайған сайын артады. Сондықтан аурудың алғашқы белгілерін білу, қауіп факторларын бақылау және алдын алу шараларын сақтау өте маңызды.
Инсульттің негізгі белгілері қандай?
Инсульт көбіне кенеттен басталады. Оның негізгі белгілеріне мыналар жатады:
* Беттің бір жағының салбырап, қисайып кетуі;
* Қолдың немесе аяқтың, әсіресе дененің бір жағындағы бұлшықеттердің кенеттен әлсіреуі немесе ұюы;
* Сөйлеудің бұзылуы, сөздерді анық айта алмау немесе айтылған сөзді түсінудің қиындауы;
* Көру қабілетінің кенеттен нашарлауы немесе қосарланып көру;
* Бас айналу, тепе-теңдікті сақтау мен қозғалыс үйлесімінің бұзылуы;
* Себепсіз кенеттен пайда болған қатты бас ауруы.
Инсульт белгілері байқалған жағдайда не істеу керек?
Инсульт кезінде уақыттың әр минуты маңызды. Алғашқы белгілер байқалған сәтте дереу 103 немесе 112 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру қажет.
Мыналарды есте сақтаңыз:
* Белгілердің өздігінен басылуын күтпеңіз;
* Науқасқа өз бетіңізше дәрі бермеңіз;
* Тамақ немесе су ұсынбаңыз;
* Симптомдардың алғаш байқалған уақытын есте сақтаңыз;
* Науқасты жалғыз қалдырмаңыз және жедел жәрдем келгенше жағдайын бақылаңыз.
Инсульттің алдын алу жолдары
Инсульттің даму қаупін төмендету үшін күнделікті өмір салтына көңіл бөлу қажет.
Мамандар мынадай профилактикалық шараларды ұсынады:
1. Қан қысымын үнемі өлшеп, оның қалыпты деңгейде болуын қадағалау.
2. Қандағы қант пен холестерин деңгейін бақылау.
3. Тұзды және майлы тағамдарды шамадан тыс тұтынбау, дұрыс әрі теңгерімді тамақтану.
4. Күнделікті дене белсенділігін арттыру.
5. Темекі шегуден бас тарту.
6. Алкогольді тұтынудан бас тарту.
7. Дәрігерге жүйелі түрде қаралып, созылмалы ауруларды уақытылы емдеу.
8. Дәрігер тағайындаған дәрілік препараттарды белгіленген тәртіппен қабылдау.
Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – инсульттің алдын алудың маңызды қадамы.
№2 қалалық емхана мамандары тұрғындарды өз денсаулығына мұқият болуға, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге және қан қысымы мен басқа да қауіп факторларын тұрақты бақылауға шақырады.
Есіңізде болсын: инсульт кезінде уақытылы көрсетілген медициналық көмек адамның өмірін сақтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.