Міндетті вакцина салдыру мерзімі осымен тәмам. Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес вакцина алмаған қызметкерлер бүгіннен бастап жұмыс орнына оңайлықпен кірмейді. Әр апта сайын ПТР-тест тапсырып, арнайы қағазды көрсетуі қажет. Ережені бұзған жұмыс берушілерге айыппұл салынады.
Қазір Алматыдағы медициналық ұйымдарда, мәдениет және спорт нысандарында, сондай-ақ сауда орындарында екпе салатын 160 пункт жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – дәл осы Думан дәрігерлік амбулаториясында орналасқан.
«Менің ойымша, Отандық вакцина алдыңғы қатарда тұру керек. Себебі ол барлық тексеруден өткен. Жас буынның көбі дәл осы екпені салдырып жатыр», – деді Думан дәрігерлік амбулаториясының учаскелік дәрігері Сәуле Бижігітова.
Бүгінде бұл емханада "Спутник V", " Вера Селл" және "КазВак" екпесінің қос дозасы да бар. Медицина мамандарының айтуынша, иммундалуға келген тұрғындардың дені Отандық "КазВак" вакцинасын сұрайды екен.
«Осы отандық өнім "Казвак"-ты алған дұрыс деймін. Себебі, сараптама бойынша көп пациентте жанама әсер болған жоқ. Жақсы көтеріп және жоғары сұранысқа ие болып жатыр», – деді Думан дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Гүлмира Бекмұхаева.
Індет меңдеп, өршіп кеткен тұста өзін және өзгені қорғау үшін екпе салдыруға келіп жатқандар қатары үзілмейді. Сондықтан екпе егу орны таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді.
«Өзімді және қоршаған ортаны қауіпті індеттен қорғау үшін осы "КазВак" вакцинасын алуды ұйғардым. Менің ойымша, осы вакцинаны алып, қауіпті індетті жеңеміз», – деді қала тұрғыны Шынар Болатова.
Айта кетейік, қыркүйектің бірі мен қазанның бірі аралығында Думан дәрігерлік амбулаториясында және қалалық № 2-емханасында екпе алған тұрғындар арасында теледидар ойнатылады.
Ал, қала бойынша өткен тәулікте 4 мың 169 алматылық вакцина алды.