1 наурыз - Алғыс айту күніне орай №2 Емхананың психолог-маманы Бертаева Айжан Серикбайқызы алғыс айтудың денсаулыққа пайдасы туралы пікір білдірді:
- Күн сайын біз өмірдің түрлі сәттерін бастан кешіреміз: қуаныш пен қиындық, табыс пен сынақтар, кездесу мен қоштасу. Осы өмірлік жолда бізді алға жетелейтін күштің бірі – алғыс айту. Алғыс – бұл тек сыпайылықтың белгісі емес, ол адамның жан дүниесін байытатын, қарым-қатынасты нығайтатын және өмірге деген көзқарасты өзгертетін ерекше психологиялық құбылыс.
Алғыс айтудың бірнеше психологиялық күштерін атап айтсақ:
- 1-ден, ішкі күйді жақсартады. Алғыс білдіру кезінде миымыз “бақыт гормондары” – дофамин мен серотонинді бөледі. Бұл көңіл-күйді көтеріп, күнделікті күйзелістен арылуға көмектеседі.
- 2.Өмірге деген көзқарасты өзгертеді, яғни адам алғыс айту арқылы назарын негативтен позитивке аударып, өмірдің жарқын тұстарын көбірек бағалай бастайды.
- 3.Қарым-қатынасты нығайтады. Шынайы алғыс – адамдар арасындағы байланысты тереңдетіп, сенім мен құрметті күшейтеді. Сонымен қатар,
- 4.Стресті төмендетеді. Ризашылық сезімі адамның жүйке жүйесін тыныштандырып, ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
- 5.Өзін-өзі бағалауды арттырады яғни
өзіңізге және айналаңыздағы адамдарға алғыс айту арқылы өз құндылығыңызды тереңірек сезініп, өзіңізді жақсы көре түсесіз.
- Күнделікті өмірде кішкентай қуаныштарды бағалау. Біздің бақытты болуымыз үшін көп нәрсе керек емес: таңертеңгі жылы шай, жақын адамның күлкісі, көктемгі таза ауа – бұлардың бәрі алғыс айтуға тұрарлық нәрселер.
Алғыс – бұл біздің өмірімізге жарық сыйлайтын, жүрегімізді жылытатын күш болып саналады деп ойлаймын.