Call-центр: +77077541284 | Регистратура: +7 (727) 3992780 | +7 (727) 3992200 | +7 (727) 3992343
Email: almaty_gp2@mail.kz

Екінші емханаға биыл 50 жыл! Медеу ауданының халқына қызмет көрсеткеніне жарты ғасырдың жүзі болыпты. Медициналық мекеменің тарихы сонау 1973 жылдан басталады. Егемендік жылдары тұрғындар саны бірнеше есе өсіп, қызмет сапасы да күннен күнге жақсаруда.

Білікті дәрігерілер мен мейірбикелер халықтың дертіне дауа, жанына шипа беруден еш жалықпаған. Мұнда еңбек жолын бастаған қызметкерлер жылдар бойы жұмыс істеп, алды зейнетке шыққан. Атап айтсақ, Дубровина Надежда Григорьевна, Терехова Валентина Васильевна жарты ғасырға жуық еңбек етсе, Сүгірәлиева Сәрсенгүл Шегебайқызы, Бижігітова Сәуле Калибековнаның емханадағы өтілі жиырма жылдан асқан. Олардың айтуынша, бір орында ұзақ еңбек етудің құпиясы ұжымның татулығы мен басшылықтың жақсы қарым-қатынасы.

Емхана ұжымында төрт жүзден аса қызметкер бар. Дәрігерлер арасында кәсіби сыйластық пен өзара қолдау басты құндылыққа айналған. Тәжірибелі аға буын өкілдері жаңа келген жас мамандарға көмектесіп, білген түйгенін бөліседі. Орта қызметкер боп еңбек жолын бастаған жастарға жоғары білім алып, кәсіби тұрғыда өсуге, біліктілігін арттыруға барлық мол мүмкіндік жасалған.

Емхана тек медициналық кызметпен шектелмей, аудандағы әлеуметтік мәселелерге де атсалысады. Ерекше күтім қажет науқастарға қызметкерлер дәрі дәрмек жеткізіп, мерекелерде құттықтап тұрады. Ал, қарт кісілердің денсаулығын жақсарту мақсатында ашық есік күндері ұйымдастырылады. 2015 жылы құрылған Үміт ақсақалдар кеңесі бүгінде емхана ұжымымен тығыз байланыста. 1 қазан қарттар күніне орай үлкен мерекелік шара өтеді. Бас дәрігер Тоғжан Сағынышқызының бұл бастамасы қарттардың өзін жақсы сезініп, қоғамнан алыстамауына бағытталған.

Жарты ғасырдың ішінде емхана заман ағымынан қалысқан жоқ. Жаңа технологиялар мен диагностикалық құрылғылармен толықты. Емханадағы қызмет сапасы жыл сайын жақсарып жатыр. Бүгінгі таңда медициналық мекеме толық циклды қызмет көрсетеді. Тұрғындарға қызметті қолжетімді ету үшін Думан, Кеңсай, Сұлусай ықшам аудандарында амбулаториялар ашылған. Кеңсайдағы амбулатория былтыр толық жөндеуден өтті. Халық санының өсуіне байланысты бұл бастамалар тағы жалғасын табады.

Елу жылда ел жаңа. Десе де, қанша жыл өтсе де, қанша ұрпақ ауысса да, бір нәрсе өзгерген жоқ. Екінші емхана өз орнында және халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастыра бермек. Өз ісінің қыр-сырын білетін дәрігерлер әр уақытта елдің құрметі мен алғысына бөленеді. Гиппократ антына адал, білімді де білікті ақ халаттылардың арқасында емханамыз көркейіп, гүлдене бермек. Елу жылдық мерей той құтты болсын! Ел кұрметіне бөленіп, алғыс арқалап жүре беріңіздер, абзал жандар!